Батыс Қазақстан дәстүрлі музыка мектебі
еліміздің батыс өлкесінде дамыған әншілік өнер. Бұрынғы Бөкей Ордасының жерінде шырқалған төкпелі жыр негізінде синтезделген желдірмелі ән Мұхит арқылы жаңа белеске көтерілді.
Мұхит әндері Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерінен бастау алып Сыр мен Арқаға дейін қанатын жайған. Бұл мектептің басында Ғарифолла Құрманғалиев тұр, Ғарифолла Құрманғалиевпен үзеңгілес өнерпаз ретінде Әли Құрмановтың есімін құрметпен атай аламыз. Ғ.Құрманғалиев осы мектептің жеке арнаға айналып үлкен өнер саласы болуына көп тер төкті. Ғарифолла мектебінен шыққан оның шәкірттері – Қ.Бекбосын, Қ.Орашева, Қ.Рахимова, А.Дәрібаева, Ж.Сәрсенғалиев. Қ.Ақтаев. М.Төрешов, Қ.Бердіғалиев, Ә.Еңкебаев, Қ.Құлышева, С.Таутаева, С.Рахметжанов, С.Әбдірахманов, С.Жанпейісова, С.Мырзабаева, А.Қосанова, Қ.Кәкімовтар.
Б.Тұрмағамбетова өзінің «Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті» атты еңбегінде ғұрыптық, тұрмыстық ән жанрларымен қоса, өңірдің өзіне ғана тән «мәтөк» ән жанрының қалыптасқанын айта келе: «Ғашықтық сезімді арқау еткен әндер қатарын мәтөк әндер тобы толықтырып отыр. Мұндағы «мәтөк» осы өңірде ғана кездесетін диалект сөздерінің бірі» – дейді. Сонымен қатар Б.Тұрмағамбетованың еңбегінде «мәтөк» әндерінен басқа «қоңыр ән», «сағыныш ән», «қара өлең», деп аталатын үлгілер маңызды орын алады.
Қазіргі ән үйрену әдістемесі ғасырлар бойы қалыптасқан күй үйрену тәжірибесінің қағидаларымен тығыз байланыста болуы керек. Халық әншілері қалдырған әнмен қоса күй үйрену тәжірибесінің негіздерін жинақтап, қазіргі домбыра үйренудің жүйелі әдіс-тәсілдерін жасап, домбыра үйренудің болашақтағы бағыт-бағдарын анықтап алуды өмірдің өзі талап етіп отыр. Ал, әнге келетін болсақ, халық әншілері қалыптастырып кеткен әннің негізгі айтылу нақышынан адасып қалмау керек. Әннің мазмұнын түсініп, әр мектептің дәстүрін бұзбай, мәнерлеп айту үшін шеберлік қажет. Ән айтудың барлық сырларын, оның тұнып тұрған әдістерін жүйелі түрде үйрену үшін ұстаздық үлкен тәжірибе керек, ғасырлар бойы қалыптасқан әнді орындау өнерін жан-жақты меңгеру үшін әдістемелік жүйе керек. Ал соның ішінде Батыс ән мектебінің қалыптасқан ән дәстүрі бойынша – мұнда әнді дұрыс орындау үшін, орындаушыдан дауыс күшінің зор әрі диапазонының кеңдігін, сондай-ақ күрделі әрі екпінді, төкпе күйлерде кездесетін шеберлікті талап етеді. Сондықтан, халқымыздың рухани талап-тілегін қанағаттандыра алатындай дәрежеде Батыстың дәстүрлі ән өнерін өз нақышына келтіріп, сол Батыс ән мектебіне тән домбыра қағыстарын меңгеру үшін, сол әдістемені, домбыра шеберлігін жан-жақты зерттеген еңбек қажет. Көнеден келе жатқан Батыс ән өнерінің тарихы жайлы, дәстүрлік түр-сипаты және мектептері туралы жүйеленген бағыттары айқындалуға тиіс. Батыс Қазақстан мектебінің орындаушылық дәстүрінде домбыраның барлық техникалық дыбыс мүмкіншілігін пайдалану салалары көп.
31.07.2017
Алматы қаласы музейлер бірлестігі
Д.А.Қонаев музей-үйі
Алматы музейі
Н.Тілендиевтің мемориалды музейі
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені
Д.А. Қонаев музейі
АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР