Шынжыр қатары үзілмеген күйшілер әулеті
Арқа күй мектебінің Қыздарбек, Сембек, Әбди, Мақаш сынды бірқатар әйгілі өкілдерінің мұрасын және орындаушылық дәстүрін жеткізушілерді бірі – Дәулетбек Сәдуақасұлы. Жеті жасынан домбыра тартқан тума талант иесі шертпе күйдің атақты шебері Әбікен Хасеновтан дәріс алған. Дәулетбек Сәдуақасұлы 1998 жылы Әбікен Хасеновтің 100 жылдығына арналған республикалық күйшілер байқауында, 2000 жылы Қыздарбектің 150 жылдық тойына орай ұйымдастырылған күй сайысында бас жүлдені иемденген.
Осы күнде тартылып жүрген Қыздарбек пен Сембектің күйлері негізінен Дәулетбек Сәдуақасұлының орындауында жеткендігін айрықша атауға болады. Қыздарбектің «Қосбасар», «Мұң Қосбасар», «Өткінші Қосбасар», «Сылқым қыз», Сембектің «Наз Қосбасар» күйлерін ерекше орындап жеткізген. Мысалы, 1988 жылы «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамблінің құрамында Алматыға өнер көрсет келген Дәулетбек Сәдуақасұлы көгілдір экранда тұңғыш рет Қыздарбектің «Өткінші», «Мұң Қосбасарын», Әбдидің «Тәуба қосбасары» мен «Қосбасарын», Сембектің «Наз қосбасарын» орындап, қазақ музыкасының алтын қорына жаздырады. Осы сапарында Қазақ радиосына да Тәттімбеттің «Көкейкестісін», «Сарыжайлауын», Тоқаның «Саржайлауын» жаздырған күйшінің шертпе күйді насихаттаудағы еңбектерінің бірі болатын.
Дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының тағы бір елеулі еңбегі 2005 жылы дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған мемлекеттік деңгейдегі кешенді бағдарлама – «Мәңгілік сарын» байқауына қатысып, Арқаның өнер саңлақтарының күйлерін орындап, үнтаспаға жаздыртады. «Қазақтың 100 күйі» телебағдарламасында үш мәрте Қыздарбек, Әбди, Сембек, Тоқаның күйлерін орындайды. Дәулетбек Сәдуақасұлының орындаушылық шеберлігінің арқасында жоғарыда аталған күй өнері майталмандарының туындылары қазақ күй өнерінің тарихында мәңгіге сақталмақ.
Дәулетбек Сәдуақасұлы тек орындаушылық тұрғысынан шертпе күйдің шебері ғана емес, өзі де күй шығарған сазгер және жауырыны жерге тимеген балуан болған. Күйшінің артында өзінің төл туындылары болып табылатын «Аралбай баба», «Бірінші толғау», «Екінші толғау», «Мәңгілік сарын», «Анаға арнау» және «Қуаныш» сынды күйлері қалды.
Дәулетбек Сәдуақасұлының ұрпақтарын бүгінде ата жолын қуып күйшілік өнерді кәсіп еткендіктен «шынжыр қатары үзілмеген әулет» деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, дәулескер күйшінің жолын бүгінде баласы Қайролла Дәулетбекұлы жалғастырып отыр. Әке жолын қуған Қайролла Сәдуақасов өзі қалыптастырған Қарағанды облыстық «Күй керуен» шертпе күй орталығының директоры ретінде Дәулетбек Садуақасұлының күйлерінің туындау тарихы һәм өмір жолын насихаттау жұмыстарымен қатар, Арқа күйшілік мектебінің өкілдері туралы да мағлұмат жинау жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ, күйшінің немерелері Жүсіп пен Асан да ата жолын қуып күйшілік өнерді серік еткен.
Бүгінгі таңда күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының өмір жолы мен күйшілік өнерін насихаттау жұмыстары біршама атқарылуда. Осы орайда, 2018 жылдың 16 қарашасында Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында өткен «Арқаның дәулескер күйшісі – Дәулетбек» атты методологиялық семинарды айтуға болады. Қазіргі таңда күйшінің өзі ұстаған домбырасы Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының экспозициясы қойылған.
Мультимедиялық дәстүрлі музыка
орталығының ғылыми қызметкері Нұрлыбек Досымбетов
13.03.2019Алматы қаласы музейлер бірлестігі
Д.А.Қонаев музей-үйі
Алматы музейі
Н.Тілендиевтің мемориалды музейі
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені
Д.А. Қонаев музейі
АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР