ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ – ҰЛТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨЗЕГІ
Елбасының үстіміздегі жылдың 21-қарашасында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы елімізде іске асырылып келе жатқан мәдени бағдарламалардың жалғасы ретінде ғылыми көпшілік қауымның үлкен қолдауын тауып отыр. Бұл ел мүддесі үшін жасалған бірден-бір үлкен жоба. Мақаланы мемлекет тарапынан іске асырылған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру» сияқты үлкен бағдарламалардың жалғасы деп қарастырсақ болады. Елбасы тарапынан соңғы кездері көтеріліп отырған бастамалардың барлығы ұлт тарихы мен көне мұраны жаңғыртып, салт-дәстүр мен тарихи жадыны қайта қалпына келтіруге бағытталған. Бұл еліміздің рухани өмірі мен жаһандану заманындағы этномәдениетіміздің сақталып қалуына өте өзекті болып табылады.
Мақала құрылымы жағынан кіріспе, екі тарау және қорытындыдан тұрады. Бірінші тарау «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталады. Бұл тарау қазақ тарихы мен көшпелі өркениеттің әлемдік ықпалына қатысты жеті бөлімнен тұрады. Мысалы, «Атқа міну мәдениеті» жайлы бөлімде Ботай қонысынан табылған жылқы мәдениетінің қалыптасуы, ежелгі көшпелі өркениеттің өзегі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, адамзат баласының даму тенденцияларына негіз болған жылқының қолға үйретіліп, көлік және шаруашылықта пайдалануы әлемдік құбылыс болды. Бұл дала өркениетінің адамзат тарихында жаңа бетбұрыстарға алып келгендігін көрсетті. Көшпелі өркениеттің бесігі саналған қазақ жерінде үзеңгі, ер тұрман, киім түрлерінің, қарудың ойлап табылуы қазіргі қазақ тарихының өте терең екендігін білдіреді. Елбасы бұл тұста көне тарихқа көз жүгірте отырып еліміздің келешек ұрпақтарының мақтанышы болуы қажеттігін көрсетеді.
Осы тараудың екінші бөлімі «Ұлы даланың металлургиясы» деп берілген. Әлемдік өркениетке аттың қолға үйретілгені қаншалықты маңызды болса, адамдардың металды өндеп оны тұрмыста қолдана бастауы да соншалықты өзекті болды. Бұл құбылыстарды елімізде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан көріп отырмыз. Ондағы металл балқытатын пештердің болуы, бұйымдарды металдан жасап шығу Ұлы даланың металл өндеу ісінің әлемдік кеңістіктегі негізгі орталықтардың бірі болғандығын көрсетеді. Бұл тұста Елбасы металды өндірудің әдіс-тәсілдерін табу тарихтың жаңа жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгерткендігін айтады.
Елбасы мақаласының құрылымдық жағынан өркениеттің тізбекті жалғасын керемет сақтаған. Металл өндеуді игерген дала тұрғындары үшін «Аң стилінің» қалыптастырғандығы тиімді көрсетілген. Аң стилі жөнінде мемлекет басшысы көне тарихтың қыр-сыры мен мифологиялық түсініктерді алға тартады. Біздің байырғы ата-бабаларымыздың табиғатпен етене байланыста өмір сүріп мифологиялық сананың өркендегенін «аң стилі» арқылы көрсеткен. Ондағы бейнеленген аңдардың елімізде осы күнге дейін қар барысы болып сақталып, еліміздің қазіргі кездегі кейбір символдарына пайдаланып келе жатқандығын атап өтеді. Сонымен қатар, мақалада көрсетілгендей «аң стилі» металды шебер игеріп сол кездегі озық технологияларға қол жеткізгендігін көрсетеді.
Жалпы мақаланың алғашқы тарауы толығымен Ұлы дала тарихының кезеңдерін қамтығандықтан Елбасымыз келесі бөлімді «Алтын адам» деп алған. Мұнда 1969 жылы Есік қорғанынан табылған Алтын адам жөнінде айтылып, бұл артефактінің тамыры терең тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастырғандығын көрсетеді. Сонымен қатар мақаланың алғашқы тарауының кейінгі бөлімдері «Түркі әлемінің бесігі»; «Ұлы Жібек жолы»; «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген атаулар берілген. Бұл жағдайда Президенттің түркі заманындағы еліміздің тарихының қаншалықты маңызды екенін көрсете отырып, рухани мұрамыздың қалыптасқандығын тілге тиек етеді. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттер арасында біздің географиялық орналасып сауда-саттық қатынастарда стратегиялық шешуші рөл ойнағандығын әйгілейді. Жібек жолының тек сауда ғана емес мәдени алмасулар мен байланыстардың көпірі болғандығына назар аударады. Сондай-ақ бұл тараудың соңғы жетінші бөлімінде Қазақстанның алма мен қызғалдақтың отаны екені айтылады. Мұнда Елбасымыз аталған екі өсімдіктің «арғы тегі» біздің өлкемізден бастау алатындығын дәлелдейді. Бұл тұрғыда еліміздің өңірлерінде өсетін алманың және қызғалдақтың түрлері беріліп, олардың әлемнің түкпір-түкпіріне таралғандығы жазылған. Алматы қаласының көне атауының өзі тарихи фактімен байланыстырылған.
Елбасы мақаласының алғашқы тарауы мәдени қажеттіліктер мен мақсаттарды тарихи тұрғыда көрсететін болса, келесі тарауда осы мәселелерді шешуге арналған бағыт-бағдарлардан тұрады. Оны Елбасымыз «Тарихи сананы жаңғырту» деп атаған. Осыған орай нақты сілтеме жасайтын болсақ Н.Ә. Назарбаев бұл тарауды мынадай кіріспемен бастайды «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болшағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп ойлаймын» - дейді.
Бұл бағыт-бағдардың үлкен алты бөлігін атап көрсеткен. Оның ішінде 1. Архив-2025; 2. Ұлы даланың есімдері; 3. Түркі әлемінің генезисі; 4. Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялар музейі; 5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы; 6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі – деп қарастырылады.
Бірінші кезектегі «Архив-2025» бағдарламасы аясында еліміздің сан ғасырлық тарихының қат-қабат құжаттарына қайтадан зерттеу жүргізу көзделіп отыр. Бұл жоба алғашқыда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған еді. Алайда қолға алынып отырған келесі жоба жинақталған құжаттар мен материалдарды ғылыми айналымға ендіруге мол септігін тигізетіні сөзсіз. Елбасының Архив-2025 бағдарламасы тарихшылар мен зерттеушілер үшін ұлт тарихының ақтандақ тұстарын әлемнің ірі мұрағаттары мен кітапханаларынан сарқып алуға мол мүмкіндік туғызады.
Екінші бөлімдегі көтерілген мәселе «Ұлы даланың ұлы есімдері» деп аталады. Мұнда Елбасы екі өзекті жобаны іске асыруды тапсырады. Біріншісі, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу және екіншісі, «Ұлы Даланың тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару болып отыр. Өз кезегінде Елбасының бұл бастамалары ұлт тарихын зерттеудегі методологиялық мәселелерді қарастыратын сияқты. Себебі, қазіргі таңда тарихты тұлғалар арқылы зерттеу методологиялық тұрғыда жолға қойылып келеді. Және де өскелең ұрпақ үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты саябағын ашу танымдық және тарихи жадыны қалпына келтіруге мүмкіндік жасайды.
Көрсетілген «Ұлы Даланың тұлғалары» атты ғылыми көпшілік серияларға Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы өз тарапынан ұлтымыздың ұлы күйші-композиторларының сериялық жинағын жасап шығуға ниетті. Бұған орталықтың ғылыми әлеуеті де жеткілікті. Жалпы бұл бөлімде көрсетілген мәселелер толығымен зерттеушілердің тарапынан қолдау тауып отыр.
Осы тараудағы үшінші бөлім Қазақстанды түркі әлемінің генезисі ретінде қарастыруға арналған. Бұл Қазақстанның тарихи тұрғы да күллі түркі әлемінің қара шаңырағы болуы заңдылығына меңзейді. Мысалы, қазірдің өзінде әлемде көптеген түркі этностары өмір сүрсе, соның 30 ға жуығы елімізде қоныс тепткен. Бұл халықтардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі Елбасы көрсеткендей 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін өткізіп және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру заңдылық болып табылады.
Тараудың төртінші бөлімін құрап отырған «Ұлы Даланың ежелгі өнері мен техникалар музейі» еліміздің музей саласына жасалған үлкен бетбұрыс болмақ. Мұндағы Елбасы айтып отырған «Ұлы Дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы Даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құру және Ежелгі Отырар қаласының нысандарын қалпына келтіру жұмыстары төл мәдениетімізді жаңа белестерге көтеру болып табылады. Бұл көрсетілген бағыттарды іске асыруға Қазақстанның археология және этнография ғылымының әлеуеті толық жетеді. Жоғарыда аталған музейдің ашылуына қажетті заттар соңғы кездердегі археологиялық артефактілер мен этнографиялық далалық экспедиция материалдары өз септігін тигізері сөзсіз. Ал музейлік затты заманауи технологиялармен жабдықтап, келушілер мен туристерге ұсыну үлгісіне 2016 жылы Елбасы тапсырмасымен ашылған Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы мысал бола алады.
Бесінші бөлімді қамтып отырған «Дала фольлоры мен музыкасының мың жылы» деп беріліп отырған тақырып зерттеушілер мен өнертанушыларды ерекше қызықтырады. Мұнда Елбасы дәстүрлі музыкаға қатысты үлкен-үлкен мәселелерді көтеріп отыр. Бұл «Ұлы Даланың көне сарындары» жинағын басып шығару және «Дала фольклорының антологиясын» жасау еліміздің рухани мұрасы болып табылатын дәстүрлі музыка өнерін толыққанды еңбек ретінде жазып шығу. Бұл жинақтардағы дәстүрлі музыка үлгілерінің қазіргі күнге жетіп отырған сарқыншақтарын тиімді пайдалану. Сондай-ақ ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту және оны қазіргі заманауи технологиялар арқылы қазіргі аудиторияға бейімдеу дәстүрлі музыканың және дала фольклорының қолжетімділігін арттырады. Бұл ретте бейне және аудио дыбыстарды электронды форматқа шығарыла бастауы қазақ мәдениетінің әлемдік өркениетке жаңғырған формада жетуі деп түсінуіміз қажет. Сондай-ақ мақалада айтылқғандай фольклорлық дәстүрдің ортақ негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлеріне далалық-зерттеу экспедициялар ұйымдастыру тапсырылып отыр. Көрсетілген бұл мәселелер ел мәдениетінің келешек дамуына жол ашатыны сөзсіз. Оның сыртында бұл бастамаларды қазіргі кезге дейін атқарылып келген іс-шаралардың біріктірушісі, топтастырушысы және жүйелеушісі ретінде қарастырған жөн.
Осы орайда Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар істерді қолға алып отыр. Біріншіден, жоғарыда аталмыш мақалада көрсетілгендей дәстүрлі музыка өнерінің төңірегінде үлкен жинақтар шығару көзделген. Біздің дәстүрлі музыка өнерімізге байланысты бүгінге дейін көптеген зерттеулер жүргізілген. Алайда бұл зерттеулердің ортақ жүйеленген библиографиялық жинағы осы күнге дейін басылып шықпаған. Осыған сәйкес Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы «Қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің библиографиялық көрсеткіші» атты библиографиялық жинақты жасап шығуды қолға алмақшы. Бұл библиографиялық жинақтың еліміздің музыкатану, аспаптану, мәдениеттану ғылымында алатын орны зор болмақ. Себебі, қазақтың дәстүрлі музыка өнері жайлы XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс зерттеушілері мен саяхатшылары жазып қалдыра бастады. Бұл жөнінде Х:Н.. Харузиннің, А.Е. Алекторовтың және т.б. библиографиялық көрсеткіштері негіз бола алады. Жобаланып отырған жинақта революцияға дейінгі уақыт алғашқы кезеңді құраса, екінші кезең – Кеңес дәуірінде жүргізілген зерттеулер болмақ. Сонымен қатар библиографиялық көрсеткіштің үшінші кезеңі, тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінге дейін жазылған еңбектер болмақ.
Жалпы, Орталық тарапынан музыкалық аспаптар мен дәстүрлі ән-күйдің тарихы мен тұлғалардың өміріне қатысты аңыз-әңгімелер жинау мақсатында ғылыми-зерттеу далалық кешенді экспедиция ұйымдастырылса деген ойымыз бар. Осы зерттеулердің нәтижесінде келер жылдан бастап «Қазақтың дәстүрлі музыка өнері» атты энциклопедия жасауды қолға алуға болады.
Президент мақаласының соңғы бөлімі «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталады. Осы бөлімнің кіріспе сөзінде үлкен мән бар, «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады» дейді, Елбасы. Мұндағы кино индустриясының қазіргі жаһандық заманда этномәдениетті жеткізудің ең тиімді жолы екені белгілі. Қазіргі кезде бұл тәжірибе Ұлыбритания, АҚШ, Батыс Еуропа, Ресей және т.б. мемлекеттерде жолға қойылған. Бұл бағытты ғылымда визуалды (кескінді) антропология деп атайды. Мақалада көрсетілгендей деректі фильмдерді түсіру біздің төл мәдениетіміздің әлем назарына ұсынылуы болып табылады. Айта кететін мәселе деректі фильмдерді (этнографиялық фильмдерді) сапалы және бәсекеге қабілетті етіп жасап шығу үшін тек кинодокументалист болу аздық етеді. Ол үшін этномәдениетті жақсы түсінуі шарт. Яғни бұл дегеніміз визуалды антропология саласын дамыту қажет деген сөз. Бұл келешек деректік фильмдердің сыннан ада болып шығуына себепкер болады. Сонымен қатар, еліміздің жетекші ғылыми зерттеу институттарында жылдар бойы қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттеуге арналған экспедиция материалдары жеткілікті. Солардың арнайы мамандар (визуалды антропологтар) дайындай отырып тиімді пайдалану қажет.
Қорытындылай келе Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы қазіргі Қазақстанның мәдени және рухани өмірі мен келешек ұрпаққа бағытталған стратегиялық бағдарлама болып табылады. Біздің ойымызша осы бағдарлама негізінде мәдениет, ғылым және өнер саласының қызметкерлері өз үлестерін қосуы қажет. Соның негізінде елдің тарихы мен дәстүрлі мәдениетін жаһандану заманындағы үндеулерге тиісті жауап қата алады деп сенеміз. Ең бастысы ішкі мәдени құрылымдардың ретке келуіне мүмкіндік туындайды.
Жайлыбаев Д.Ж.
Мультимедиялық дәстүрлі музыка
орталығының жетекшісі
12.12.2018 жыл
13.03.2019Алматы қаласы музейлер бірлестігі
Д.А.Қонаев музей-үйі
Алматы музейі
Н.Тілендиевтің мемориалды музейі
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені
Д.А. Қонаев музейі
АҚПАРАТТЫҚ РЕСУРСТАР